Ата-баба жолымен
Қаракісі трагедиясы – Аудио.
Қаракісі трагедиясы
Анамыз Гүлжиһан / «жеңеше» дейтінмін/ Бегімбет руының қызы еді. Арғы атасы Құдас, одан – Қонысбай, одан – Қаракісі, одан – Шала, одан – Өтеген, одан – Сартбек. Осы нағашыларымыздың ішінде осалы болмаған. Құдас батыр кісі еді /оны адайлар «Қарабатыр» деп те атаған/. Ол қалмақтармен соғыста көзге түскен, жекпе-жектің батыры еді. Бейнеу жерінен, Самнан қалмақтарды ығыстырған алғашқы батырлардың бірі еді. Сам жерін қыстап отырған, өте бай адам болған. «Менің ұрпағымда менен де бай адам болады», дейді екен. Мүмкін, ол айтқаны – Төкен Танаевич Жұмағұлов шығар. Құдас қартайған шағында, қыс кезінде елге келген көрші табын барымташыларының қолынан қаза тапты.
«Бір топ табындар Самдағы елді шабуға келеді» деген хабар бойынша үйіктің басында қылықмылтық Рақ екеуі тұрып, алыстағы шаңды көреді. Рақты ауылдарға шаптырып, «аттансын» деп тапсырма береді. Өзі барымташыларды кідірту үшін көлденең атпен шауып өтеді. Осы жанжал кезінде Құдас атамыз жараланды, жиналып атқа қонған жігіттер барымташыларды қуып, атасының кегін алды. Құдас жарадан жұлдыз шыға өлді. Өлгенше сөйлеп жатты. Өзін сол жығылған жеріне жерлеуді тапсырды. Тұрыштың терістік бетінде 25-30 км жерде Құдас деген мола, Құдас деген құдық бар. Оның басына құлпытасты қою -ұрпақтарының мойнында. Құдастан 5 ұл: Қонысбай, Қоғабай, Тайсойған, Қамысбай, Жаяр. Қонысбай – біздің нағашы атамыз.
Қонысбайдың 4 баласы: Қаракісі, Жолболды, Қосым, Жанақ. Бұлардың бәрі де қуатты, дәулетті, палуан болған кісілер еді. Осы төртеуіне де ХIХ ғасырда күмбез там салынған. Олар Сайөтес темір жол станциясының оңтүстігінде 3-4 км жерде қол бұлғап тұратын. Қазір бір там құлады. Қалған үшеуі тұр. Осының ішіндегі Қаракісі – менің нағашы атам. Тірісінде ағайындарының жаласына ұшыраса, қазір де оны жамандаушылар табылады.
Қаракісі ХVIII ғасырдың аяғында туып, 64 жас жасаған, Сүйінқара, Абыл, досы Қармыс, Әли Балта палуанмен тұстас болған адам.
«Қаракісі әли Балта палуаннан жығылыпты» деген сөз бар. Бір ас кезінде Қаракісі аттарды аралап жүріп, Әли Балта палуанның атының әбзелдерін көріп, қызығады. Қасындағыларға: «Мына ер-тоқым, жүген-құйысқан менің атыма жарасады екен», – дейді. Ол Балтадан өзіне беруін бұйымшылайды. Оған Балта көнбейді. «Сат, қанша сұрасаң, сонша мал ал», – дейді. Балта сатпайды, бірақ, «Аттан мені аударып түсірсең, сұрағаның сенікі», – дейді.
Астан кейін екеуі өз топтарынан бөлініп шығады. Қаракісі Балтаның жағасынан алып, атының күштілігі арқысында оны жерге түсіреді. Балта да Қаракісіден айырылмай, оны да аттан түсіреді. Алысу кезінде Қаракісі жығылады. Балта сонда да қауіптеніп: сен ертең жығылғаныңды мойындмайсын, егер мойындасаң ат әбзелдері сенікі. Ол үшін жиындарда, астарда үш рет «мен Әли Балтадан жығылдым» деп айқайласаң болғаны, -дейді, Екеуі сөйтіп келіседі. Қаракісі екі аста өзінің Әли Балтадан жеңілгенін хабарлайды. Ол сөз Балтаға да жетеді. Балта Қаракісіні қонаққа шақырып, достасып, сұраған бұйымын береді. Қаракісі де борышты болып қалмаған, ол да Балтаны қонақ қылып, жақсы ат сыйға тартқан.Мұндай нағашыға не дерсің?!
Оның заманында рулық құрылыс болған, Рулардың басшыларын ешкім тағайындамайтын, Ру басы болу үшін, біріншіден, бай болуы керек, екіншіден, сөзге шешен би болуы керек, үшіншіден, өзі күшті болуы керек, төртіншіден, руластары көп болуы керек еді. Қаракісіде осы төрт шарттың үшеуі бар еді, тек руластарында ауызбіршілік болмады.
Қаракісі қиын заманда өмір сүрген күрделі тұлға еді. Ол ел билеуге дайындалып, көп жерлерді аралап көрді, көршілес жұрттардың бәрінде де достары болды, қазақтың әдет-ғұрпын, заңдарын жақсы білді. Жер дауы бойынша талай айтыстарға қатысып, адайлардың арын арлады. Ол үшін қиын және қатерлі алыс сапарлар шекті. Адайдың жерін кеңейтуге көп ықпалы болды.
Қаракісі аса күшті, ажарсыздау және қатал кісі болатын. Қаракісі атты жақсы көретін атжанды кісі еді. Түрікпен жерінен, башқұрттардан жылқы тұқымын алдырды.
Бірде Махамбет кештетіп дастарымен Қаракісінің ауылына түседі. Аттар да, кісілерде әбден шаршаған. Қаракісі үйден шығып:
– Жолдарың болсын!Махамбеттің қосшылары боларсыздар, қайдан келесіздер? – деп сұрапты. Махамбет сонда айтыпты:
Тарланды сұлу көрсеткен-
Сұлы менен беде екен.
Жігітті сұлу көрсеткен-
Қалың қол мен елі екен.
«Махамбетке қосшы» дегенің-
Махамбеттің өзі екен.
Қаракісі «сөзбен ұрылдым» деп, танымағанына кешірім сұрап, үйінде қонақ етеді. Жазғытұры екен. Ертесіне Махамбетке тәуір айғыр мінгізіп, жолдастврына тың ат береді.
Махамбет қайтарында тарлан атының құлпырып қалғанын көреді. Қаракісі әдейі аттарға сүт бергізіп, сұлымен жемдеген екен. Махамбеттің көңілі бітіп: «Дәмдес болатын кісі екенсің», – дейді.
Махамбеттің бойлы-сойлы қарындасы бар екенін Қаракісі бұрыннан естиді екен. Қаракісі Махамбетке құда түскісі келетінін айтады. Қаракісі інісі Қосымды көрсетіп, Махамбеттен қарындасын келіндікке сұрайды. Махамбет:
– Бұрын үйленбеген болса-бір тең шешесің, бұрын үйленген болса-екі тең шешесің-депті. Сол арада Махамбеттің қарындасы үшін екі қалың мал беретін болып шешілді.
Қарындасы Махамбеттің берген уәдесін естігенде өлеңмен:
Желекті найза қолға алып,
Оң жағыңда жүргенде
Жігіттермен тең едім.
Жоғарғы өрден жылқы айдап,
Боранды күні келгенде
Қай жігіттен кем едім?
Сырын білмей адайға
Ағеке, неге телідің? – деген.
Махамбеттің қарындасы келін болып түсті. Қалың малы көп әйелдің бағасы да жоғары. Келіндері күндеп, оны «Сатып алды» деп атаған. Ол кісі ұзақ жас жасады. «Сәке шешей» атанды. Одан үш қыз, төрт ұл /Қолдасбай, Бөшекен, Шопанияз, Шопанбек/туды. Төртеуі де ер тұлғалы болды.
Қолдасбай-бабық Мыңбайдың оң қолы, батыр болған кісі. Осы әңгімені Шопанбек немересі Төлетай Барақұлы айтқан еді.
Сол кезде адай мен табын руларының арасындағы ұзаққа созылған тартысты Исатай шешіп берді. Жер үшін талас рулардың арасында күшті болды. Әлім руларымен Аққұм, Байтақты дегендерлерде ұрыстар болып, оған жүздеген адамдар қатысты. Адайлар Теміртапқан –Байтақ деген Каспий теңізі мұзының үстінде көп адамынан айырылды. Қақтығыс бір күшейіп, бір әлсіреп, 17 жылға созылды. Бұл Маңғыстау тарихында айтыла бермейтін аса қайғылы оқиға еді. Ақырында екі тайпаның басшылары кездесіп, бітімге келген. Қарақұм жері адай еліне қалды. Қаракісі сол кездергі сирек сауаттылардың бірі болатын.
Қаракісі-1830-1840 жылдар шамасында Үстірттің оңтүстігінде өзімен бірге жүріп, оққа ұшып өлген Олжашы руының батыры Құлыбектің етін сылып алып, сүйегін Бозашыдағы Қызық қауымына жерлегендердің бірі. Онымен бірге табынай Көбек, дәулеталы Бекбаулы болған. Бұл сөзді Естерек Жаманбайұлының «Кешеден келдік бүгінге» деген кітабынан оқыған едім.
Сол кездегі ең атақты тұлпарлар: Қаракер тұлпар Сүйінқарада болса, қаракөз деген тұлпар ат Қаракісінікі еді. Тойларда, астарда Қаракісінің аты бәйгеден бірінші келетін. Бәйгеден түскен малды той иелеріне /Яғни, ошаққа/ ағайындарға, жетім-жесірлерге үлестіріп жүретін.
Қаракісінің сұр аты Кенесары ханның беріп отырған асында бәйгеден басқа аттардан көп бұрын келген. Мұхаметжан Сералиннің 1900 жылдары Кенесары хан, Наурызбай батыр туралы жазған «Топжарған» атты поэмасында адай руының жеменей жігіті бәйге алғанын жырмен келтірген, осы Қаракісінің сұр аты туралы болуы мүмкін.
Таңатардың айтуынша, Қаракісінің ешкімге зәбір жасаған кісі емес. Намаз оқитын, елге қадірлі кісі еді. Ертеде адайлар Бесқалаға жыл сайын мал айдап апарып, оны сатып, мата және астық /көбіне жүгері/ әкелетін. Жол бойы тонаушылар, аңдушылар болатын. Сондықтан мал айдау үшін ұйымдасып, қаруланып жүретін. Олардың жол бастаушылары, Бесқалада түсетін үйлері, сенімді адамдары болатын.
Жолды білетін, адамдарды білетін, Хиуа ханының адамдарының ішінде танысы бар Қаракісі жол бастап, керуенді аман – есен алып келіп жүретін. Сондай сапарының бірінде қожантай руының Шөмекей деген жігіті үйіне оралмаған. Оның өлігі нардың үстіне таңулы күйінде Оғыландыдағы Бекет атаға түнеп жатқан адамдардың көзіне түскен. Қаракісі «Қожантайдың бұл жігіті ауылына кеткенде аман еді, астындағы нарына астық тиеулі болатын, оны бірге барған барлық адам растайды» деген. Жігіттің әйелі дауыс етіп: «Өзің алып кетіп едің, неге өзің әкелмедің, неге бөлек жібердің, құнын кімдерден өндіремін, жетімдерді кім қарайды?» – деп жылап, бар ағайынның сүйегін сырқыратады. Өз еліне риза болмай, ашынған долы әйел: «Ауызорпа,Бұлыш-жер емес, Қалша Сары- ел емес, бегімбет деген –батыр ел, Қалша Сары – катын ел», деп дауыс етуін күйеуінің жылы өткесін де қоймаған. «Құн» деп құн төлемесе де, бегімбеттер қожантай Шөмекейдің үйіне көмекке көп мал берген.
Бірде Қаракісі бәйгеден түскен олжаны Шөмекейдің ауылына айдатып жіберсе, «Әне, Қаракісі құн төлеп жатыр» деп табалағандар болған.
Келесі жылы үнемі бірге көшіп-қонып жүрген мырзакелді ауылы үйлерін Қаракісінің ауылынан бөлек жерге қондырды.
Қожантай мен Мырзакелді –Бегімбетпен тумалас, Сары деген атамыздың балалары. Барлығы да-Аталықтың /Жомарт деп аталып кеткен/ немерелері, Сары мен Бегімбет-Сұлтангелдінің балалары.
Қаракісінің інісі Қараша ат жаратып жүреді. Аттың суын алып, түнде ауылдың қасына бекітіп қояды. Таңертең ат көрінбейді. Аттың ізімен барса, аттың жабуын /сол күні жауын жауып тұр еді/ мырзагелдінің ауылының сыртына тастап, бәйге атты босатып жіберген. Атты жылқыға қосылған жерінен ұстап, жабуды алуға келсе, жабу орнында жоқ. Жауыннан кейінгі із Мырзагелдінің ауылына кетіп барады. Жабуын сұраса ол ауыл: «Біз қайдан білеміз?» – деп, ұрыса кетеді.
Мұны естіген Қаракісі: «Аттың жарауын кетіру-атқа обал,енді жабуын берсін», – деп адам жіберсе, «жабуды тауып алсын» деп барлығы сыртқа шыққан. Олар бұрынғы Қаракісінің алыс сапарларының бірінде атпен Жайық өзенінен жүзіп өтердегі суға кеткен жігітті /бір әңгімеде Биеттің інісі дейді/ еске алып, «Қаракісі тұқымымызды құртпай тұрғанда көшелік» деп, Қожантайдың ауылына көшіп кеткен, Қожантай атамыздың балалары көп болып, «Қаракісінің билігінен шықтық», деп, өз бастарына би болып еді. Бегімбет пен Қожантайға бірдей ағайын Қалша руының шалдары Қаракісіге келіп, сабақтап сұрақ қоя бастайды. Қаракісі ашу шақырып: «Бастарыңда ми бар ма әлде бос қауашақ па?» Мен өзіме жазығы жоқ атқосшымды неге өлтіртем, ол кімге абырой, оның сүйегін нарға таңып, Оғыландыға апартуым ақылға сия ма ? Бұны ел ішіндегі менің бәсекелестерім істеген шығар. Ат жабуын ұрлау бәйгеден дәмелілердің нәйістігі болар. Осыны неге түсінбейсіңдер?-деп үйінен қуып шыққан.
Қаракісінің билікке таласқан бәсекелестері ағайын ішінде кикілжіңді үрлеп, ушықтыра түсті. Қаракісіге «Оны өлтіруге әзірленіп жатыр» деген хабар жетеді. Ақырында, қожантайдың 24 жігіті, мырзагелдінің 15 жігіті, қалшаның 1 жігіті атқа қонып, Жем бойындағы Аралтөбедегі Қаракісі ауылына тартты. Жемнің суы тасып жатыр еді. Таңертең Қаракісінің ауылына қалшаның бір күйеу баласы түйе іздеген болып, онымен жолығады. Қаракісі бөтен түйелер жайылып жүрген бағытты сілтейді. Жаңағы жігіт түйеге қарай жүре түсіп, төбеден асқасын бұрылып, атпен тез жүре бастайды. Біраздан кейін тағы бір адам қосылып, екеу болып кетеді. Қаракісі сезіктеніп, атын алдырып, ерттеп қояды. Сәске түсте көп атты көрінеді. Қаруланған көп адамды көрісімен, Қаракісі келе жатырғандарды таныды. Өзінен кішілермен сақалды басымен кикілжіңге келуді тең санамай, «Аңысын аңдиын, бас көтерерлері жоқ ауылға ағайындар не істей қояр дейсің?!» деп, Жемнен атпен жүзіп өтті де, атымен тасада отырды. Қасында екі кішкентай қызы бар еді. Екі қыз төбенің үстінде тұрып, ауыл жақта не болып тұрғанын айтып тұрды. Ауылдың жігіттері, әйелдері көрші ауылдағы тойға кетіп қалған еді. Ауылда Қаракісінің баласы Алтай өріске жібермей алып қалған қойларды құрттап, жабағы жүнін қырқып жатыр еді. Жүргіншілер айқайлап: «Қаракісі шықсын!» – деп келгенде 13 үйдің ауылда қалған келіндері кісілерді қарсы алып, сәлем етіп жатыр. Олар үйлерді тінтіп, Қаракісіні таба алмады.
Алтай жүгіріп келіп: «Сендер жау емессіңдер ғой» – деп айқайлады. Көп адамның жыны болады ғой/қазіргі футбол жанашырлары, /фанаттар/ сияқты, бір басбұзар жазықсыз Алтайды дойырмен салып қалады, «қой» дегенге тоқтамай, екіншісі найза салып үлгереді.
Топ ішіндегі қожантай Нұрет:
– Алтайдың жазығы жоқ еді. Бұл жаман іс болды, – деді. Кілең әйелдер жылап қоя бергенде, жүргіншілер қарап тұра алмай, еліне қайтты. Қаракісі ауылға жеткенше, болар іс болып қалған еді.
Тойдан келген Қаракісінің інілері «өш аламыз» дейді. Қаракісі:
– Бұл түсінбестіктен болған іс. Оларды біреулер айдап салып, тасада отыр. Құдайдан болған шығар. Ешқайсынды өш алуға жібермеймін,-дейді. Қосан және Қосуақ бар. Қаракісі мен інілерінің жасөспірім 6 баласы тойға барып келген, тоқ тұрған аттармен көздеріндегі жасты тия алмай, жүргіншілердің артынан қайтартпай, шауып кетті. Қаракісінің айқайын біреуі де естімеді.
Жүргіншілер Аралтөбеден 40 шақырым жердегі Қоңырорпада ат жайып, тамақтанып отырғанда 12 жігіт шауып жетеді. Барлығы да атқа отырып, топ болып тұрып алды. Қосан айқайлап: «Жекпе-жек! Бір ғана жекпе-жек. Өлсем – құным жоқ, өлтірсем – Алтайдың кегі, сосын тараймыз», – деп айқайлайды. «Биет, қатын болмасаң, менімен шық! – деген айқай шықты. Ешкім бөлініп шықпады. Олар: «Біз соғыспаймыз, Алтайдың обалы Қаракісіге, біз Қаракісінің жазасын беруге келгенбіз», – деп айқайлады. Қосан айқайлап Биетке қарай шаба жөнелді. Оның беліндегі шылбыр жерге түсіп кетті, аттың артқы аяғы басып калып, ат шойырылған кезде оны аттан құлатып түсіреді. Қожантай Нұрет ара түсіп: «Басқаға тимейміз» – деген уәде қайда?» – деп айқайлайды. Басқалары Нұретті итеріп тастап, Қосанға найза шаншиды. Тақырға /қазір «Қырғынның тақыры» деп аталады./ жақында жауын жауып өткен еді. Он екі жігіт 40 адамға қарсы шаба жөнелді. Бірқатарының қамшыдан басқа қаруы жоқ еді. Сол арада 12 жігіттен он бірі өлді. Аттан аударылған он екінші жігітті қожантай Биет өлтірттпеді. Ол бала «Мені де өлтірің, ауылға мынаны айтқаннан өлгенім жақсы, – деді. «Болар іс болды, келіп ұрынған-өздерің. Мына ағаларыңды ит пен құсқа жем қылмай, жерлеу-сенің мойныңда», – деп жүріп кетеді. Ол жігіт ауылға болған жайды хабарлайды.
Қаракісі басын көтермей жатып қалды. Ешкіммен сөйлескісі келмеді. Қаракісінің адамнан да есті Қаракөз деген аты қасиетті мал еді. Жылқыдан бөлініп шауып келіп, Қаракісінің үйінің тұсына келіп, кісініп тұрып алды.Қаракісі сыртқа шығып, атының мойнынан құшақтап, атына шағынып сөйлеп тұрды. Оның не айтқанын ешкім естіген жоқ.
Өмір өтіп жатты, Қаракісінің басқа балалары ер жетті. Алтайдан жөргекте қалған Кешубай да жігіт болды. Кешубай 1928 жылы 80 жасында қайтыс болды. Оның ұрпақтары Атырауда тұрады. Қаракісінің бәйбішеден Алтайдан кейін туған екінші баласы –Шала. Осы кісі-менің нағашы атам.Оның баласы – Өтеген, одан Сартбек-менің анамның әкесі. Қаракісі –такаппар, ешкімге тәуелсіз, өр кісі еді . Өзі намаз оқитын ырымшыл адам болса да өлер алдында : «Мені жерге көмерде көрімді кеңірек қылып қазыңдар, оң қолымды кебіннен шығарып қойыңдар, қамшымды оң жағыма қойыңдар», – дегені қалай екен?»деп ойлайсың.
Қараш Ыбырай ахунның «Адай тегі»деген жырында / «Рауан» газеті, 1991 жылы 22 сәуірдегі санында жарияланған былай деген шумақтар бар:
Төрт арыс Сұлтангелдіден
Табылмады осал жан,
Қыз-келіні ажарлы,
Қымбат киім жасанған,
Бәрі мырза қайырлы.
Адам жоқ артық атанған
Қаракісі бегімбет
Білімді еді қашаннан
Аумай шапқан қамалдан
Төрт бегімбет болғаны
Алтай менен сағалдан,
Құрманбай мен Қараша
Тұқымы аз болса да,
Келеді көппен таласа
Кемсітеді кім оны
Азық көпке баласа?!
Мұндағы Алтай – Қаракісінің баласы, қалған атаулар-Қаракісінің інілері Қараш Ыбырай ахун бұл жырды естіміштен жазып отырған жоқ, өзі Қаракісінің жиені болғандықтан, бұл ауылды жақсы біледі. Қосымның немересі Барақ Шопанбекұлы Ыбырай ахунға: «Сүйегің қараш болғанымен, білгірлігің мен тілің біздікі ғой», – деп әзілдейді екен. Қаракісінің екінші ұлы Шала. Жолболдының немересі Тана, содан кейін басқалары бірінен соң бірі ел билеп отырды. Одан кейінгі кезде де /болыстық шыққасын/ билікті осы екеуінің балалары қолдан шығармады.
Қаракісінің Шаласы тұрғанда,
Жолболдының Танасы тұрғанда
Басқамызға билік жоқ, – деген мақал бар.
Шаланың баласы, менің нағашым Өтеген үлкен би, болыс билейтін заманда болыс болған. Оның бейіті –Қарашүңгілдегі қима там.
Қаракісінің тетелес інісі Жолболды қайтыс болғанда осы Сисем атаға қоюға Қаракісі өзі бастап алып жүреді. Күн тұман болып, жақын жердегі Сисем ата қауымын таба алмай, Өтестің аңғарына өтіп кеткен.Бағытты түзеп алып жүріп кетсе, тағы да адасып, Өтеске келген. Үшінші рет Өтеске келгесін, төбенің басына Жолболдыны жерлеген. Сол кезде Қаракісі «Енді осы жерге бәріміз жатамыз» деген.
Келесі жылы Жолболдыға Қарақұмдағы Азынағұл деген жерде ас берілді. Асқа бірнеше жүз үй тігілді. Ат шабысқа 200 еркек қой, палуандар күресіне де ірі бәйгелер тігілді. Бас бәйгені Сүйінқараның Көтібарының торы аты алыпты. Ол туралы Алшын шежіресіндегі адайдың ең атақты астарының бірі –Жолболды Қонысбайұлына берілген ас екенін оқисыз. Қонысбайдың 4 баласы: Қаракісі, Жолболды, Қосым, Жанақ бір жерге жерленген. Төртеуінде де күмбез там. Күмбез тамдар осылардан бастап салына бастаған болуы мүмкін.
Өтегеннің Сартбек, Қату деген балалары болған. Қатудың тұқымдары аз, Қатудың Борсақ деген баласы ғана жан сақтаған. Оның балалары Ақтөбе облысы Қобда ауданында, Терісаққан өзені бойында. Сартбектен 2 ұл, 2 қыз болған. Сартбек жастайынан болыс болған, Сартбектің қайын жұрты – атақты Сүйінғара батырдың тұқымы. Ол өзі ел ішінде беделді, әділ кісі екен. Ол туралы ақбота Бөлтек, есен Лепестен әңгімелер естідім. Сартбек айтқанда бегімбеттер ішкен асын жерге қояды. Үлкен ұлы Хами іштен /Орынбор немесе Орал жақтан/ оқу бітіріп келген, сауатты газет оқитын, орысша білетін,орысша киініп, шаш қайырып, таранып жүретін жігіт екен. Кейін қызыл отауға меңгеруші болып, жиналыстарда жұрт алдында сөйлейді екен.
1930 жылы Сартбек және Хами «халық жаулары» болып ұсталды. Хами Сартбекұлы ұлтшыл, үкіметке қарсы адам ретінде Гурьев қаласында сотталып, атылып кетті. Кейін ол ақталған.
Сартбек өзіне тағылған күнәні мойындамай, куынып берді. Оны Семейдегі түрмеге жіберді. Содан ол түрмеден босанып шықты. Тіпті қызметке де тұрды. Хат арқылы жер-жерден үй-ішін іздей бастады.Сол жерде жүріп, іш аурудан қайтыс болған.
Сартбектің екінші ұлы Жартыбай шаруаны ұстауға үйретілді. Оның келіншегі Шоңай руының қызы еді. Менің анам ГүлжиҺан: «Ол сол кездегі ең сұлу адам еді. Мені шығарып салар кезде ұзақ сыңсып, уайымын жасырмай, көп жылап еді. Ол алдағы жамандықты сезіп жүрген ғой. Оның жылағаны есіме түссе, жүрегім бордай езіледі», – дейтін. Жартыбайдың отбасы да жоқ болды. Ауған, не Иран жеріне өтіп кетті ме, одан еш хабар шықпады.
Ол «Тойға жақсы киімдеріңді киіп бар» дегендерге: «Қай киімді кисем де, сол Жартыбаймын гой», – деп күледі екен.
Анамыз ГүлжиҺанның апасы Ибаш Красноводск қаласынан табылып, 1950 жылы одан хабар келді. Құдамыз тіней Нұрғали Жартыұлы анам ГүлжиҺанды Красноводскіге түйемен апарып қайтты. Содан кейін хат келіп тұрды. Көп ұзамай Ибаш та, оның жалғыз қызы Шайзада да бақилыққа кетті. Ибаштың күйеуі /шалбар адай/сол қаланың соты еді, ол да халық жауы атанып, атылып кетті.
Сартбек пен Хами ұсталғасын, олардың ауылы /30 үй/ 1930 жылы Бесқалаға қаша кетті. Одан Аральскіге, одан қайта Бесқалаға көшіп, одан 2 бала, 1 қыздан басқасы хабарсыз жоқ болып кетті.
Мен бұл жолдарды «анам ГүлжиҺанның аруағы риза болсын» деп, жазықсыз жазғырылған аталарымызды ұрпағы білсін» деп, «олардың ұрпағы тірілсін» деп жазып отырмын.
Тоқсамыстың ішіндегі бөлелерім: Нұрболсынұлы Сәтберген/қазір Тоқтамыстағы ең үлкен шал/. Қаржаубайұлы Жаңабай, Алматыдағы Озғанбаев Жаңай-барлығы да Қаракісінің жиендері.
2008 жылы Алматыдағы Информ-А баспасынан шыққан
Жұлдызбай Есбосыновтың «Жалғасқан өмір» кітабынан алынды.