Дәуір дарабозы. Қадыр Мырза Әлі – 90 жыл
ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛІНІҢ ӨМІРБАЯНЫ
Халық жазушысы Мырзалиев Қадыр Ғиниятұлы 1935 жылы қаңтардың 5 жұлдызында Сырым ауданы, Жымпиты ауылында дүниеге келген. Бала Қадыр негізінен Жымпиты кентіндегі интернатта тәрбиеленді. Қадыр ақын 1949 жылы Жымпиты орта мектебінің жеті класын үздік бітірді.
1953 жылы Алматы қаласы Киров атындағы қазіргі Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп 1958 жылы тамамдайды.
Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған.
Тұнғыш туындысы 1954 жылы республикалық «Пионер» балалар журналында жарияланды.
1962–1965 жылдары «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы бас редактордың орынбасары.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі рет депутат болып сайланды, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болды.
Ал әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны екі жүзден асты. Олардың көбі халыққа кең тарады, «Күндер-ай» атты жеке кітап болып басылып шықты. Талантты ақын қаламынан халық фольклорының атақты күлдіргі кейіпкері Алдар көсе жайлы «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан» атты өткір сатиралы комедия мен Махамбеттің ең соңғы азапты күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты және «Әмір Темір» кесек драмалық шығармалары да жарық көрді. Тұңғыш жинағы «Көктем» 1959 жылы жарық көрді.
Қадыр Мырза Әли көркем аударма саласында да жемісті еңбектері көп. Әлемдік әдебиет ғүламаларының талайының шығармаларын ол қазақ тіліне аударады. Талантты ақынның өзінің біраз топтамалары мен таңдаулы өлеңдері ағылшын, француз, неміс, поляк, болгар, венгер, фин тілдеріне аударылып, шетелдіктер тарапынан өте жоғары бағаланды. Орыс тілінде «Бессонница» (1967), «Белая юрта» (1968), «Соловьиный сад» (1971), «Степные пути» (1975), «Твой дом» (1976), «Верхная струна домбры» (1976), «Ладони» (1984), «Нижная струна домбры» (1985), тағы басқа кітаптары жарық көрсе, өзбек тілінде «Күміс қоңырау» (1975), қырғыз тілінде «Алақан» (1979), Әзірбайжан тілінде «Бұлбұл бағы» (1980), моңғол тілінде «Шымыр жаңғақ» секілді еңбектері басылды. Сондай-ақ дарынды ақынның оннан аса кітабы бүрынғы КСРО халықтарының көптеген тілдеріне аударылып, Ташкент, Баку, Бішкек, Алматы, Мәскеу қалаларында басылып шықты.
Сол даламыз мені де құндақтаған.
Туған жерсіз таң атып,
Күн батпаған.
Көкжиекті ысырған көздерімен
Қырдың қыран қазағы қымбат маған! – деп жырлаған ақынның шығармашылығының тереңге қарай кететін түп-тамыры оның туған жері, ару Жайығында жатыр! Сол Ақжайығына ақын қашанда атбасын бұрып, асыға келетін. «Қадыр келе жатыр» деп, ел де бірнеше ай бұрын даярланып, өзінің асыл ұлын қуана қарсы алатын еді. Ару Жайық әрдайым Қадырға деген сыйы мен құрметін көрсетіп, ақынның 70-75 жасқа толған мерей тойларын сән-салтанатпен өткізіп тұрды.
Ендеше, сол туған халқы барда поэзия қадірі атанған Қадыр Мырза Әли ешқашан ұмытылмақ емес. Рух болып оянып, жыр-бесік болып тербеле бермек. Ұлының ұлылығы, жыр-мұраның мәңгілігі деген осы!
2011 жылдың 24 қаңтар күні Қадыр Мырза Әли – 76 жасында дүниеден өтті.
«Күлетін жерде күлген жөн
Не істеуді дұрыс білген жөн.
Түнеріп тірлік кешкенше,
Жарқылдап өле білген жөн», – деп ақынның өзі жырлағанындай, Қадыр өмірден алмастай жарқылдап өтті. Артына халқына талай ғасырлар бойы азық болар мол мұрасын қалдырып кетті.